Қазақстан Президенті Минск-Мәскеу-Астана-Алматы жылдамдығы жоғары қозғалыс магистралін салуды ұсынды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу қ. Ломоносов атындағы ММУ студенттерінің алдында дәріс оқып тұрып, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды ұсынды, Қазақпарат хабары.
«Еуразиялық экономикалық одақ  аумағы, бүкіл Еуразия кеңістігінде, жалпыконтинентальды инфрақұрылымның озық буыны болуы тиіс. Мұнда бірқатар жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру маңызды»,— деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысы Бірыңғай еуразиялық телекоммуникациялар желісін жасауды, Минск-Мәскеу-Астана-Алматы жылдамдығы жоғары  қозғалыс магистралін салуды, қолданыстағы автомобиль жолдары мен темір жолдар желілерін, айрықша батыста-еуропалық, шығыста-қытайлық көлік жүйелеріне шығатын жолдарды жаңғыртуды, сондай-ақ «Каспий-Қара теңіз» каналының жобасын іске асыруды ұсынды.
 «Әрине, бір қарағанда бұлар аса үлкен жобалар болып көрінуі мүмкін. Бірақ, «Каспий- Қара теңіз» жобасынан басқа барлық жобалар жұмыста және жүзеге асыруға болады. Және осы көлік коммуникациялары біздің экономикаларымызды ықпалдастыруға қаншалық күрделі кіріскенімізді көрсетеді және басқалар осыған көңіл аударатын болады. Айтпақшы, «Каспий-Қара теңіз» каналы тіпті патшаның уақытында әзірленген, бірақ жүзеге асырылмаған жоба»,— деп әңгімесін толықтырды Қазақстан Президенті.
Recent Posts